Әдеби - сазды кеш
«Барлығы да, Поэзия, сен үшін», – деп əдебиет патшалығының ғажайып ханзадасы һəм бірегей сардары ретінде салтанат құрған Мұқағали Мақатаевтың 9 ақпан туған күні. Шындығында, Мұқағали бойындағы тамаша талантын жұртына арнаған. Бұл күн қай жерде болмасын жыл сайын ақпан айында тойлана беретіні хақ. Қазақтың қара өлеңіне шапан жауып қайтарған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мұрасын насихаттап жас ақындардың шығармашылығын шыңдау мақсатында Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай қалалық кітапханада «Әр өлеңі – бір әлем» тақырыбында ақынның өлеңдерін оқу мен әндерін шырқауға арналған әдеби - сазды кеш ұйымдастырылды. Ақиық ақынның туған күніне орай өткен шарада кітапханашы Дидар Аманжолова «Есіңе мені алғайсың» әнін тарту еттіп, Мұқағали жырынан кітапханашылар мен оқырмандарымыз шашу шашып, өлеңдерін оқыды. Кеш барысында кітапханашы қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген ұлы перзенті Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны, поэзиясы жайлы баяндап, ақынның өмірінен ақпарат беріп , шығармашылығына тоқталып , кітап көрмесіне шолу жасады. Мұқағали ақынның шығармашылығы қазіргі қазақ қоғамында, әсіресе, кейінгі буын жастардың арасында үлкен танымалдылыққа ие. Соның айқын дәлелі-бүгінгі әдеби кеш.
