Қаражал – Қарағанды облысындағы облыстық маңызы бар қала. Қарағанды қаласынан онтүстік-батысқа қарай 350 км жерде, Сарыарқаның оңтүстік бөлігінде, боз жусан, сасыр аралас бетеге, қылқан боз, тағы да басқа шөптесіндер өскен сұр, сортаңды сұр, қиыршық топырақты қуаң далада орналасқан. Тұрғыны 12 мың адам (2017). Іргесі 1939 – 1940-шы жылдарда Қаражал темір-марганец кенің игеруге байланысты қаланған.
Қаражал қаласы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен 8 қаңтарда 1963 жылы құрылды. Қала аумағы 12,3 мың шаршы километрге тең.
Елді мекендер: Қаражал қ., Жайрем кенті, Ақтай кенті, Шалғы кенті .
1911 жылдын жазында орталық Ресейден осы жерлерге орыс диқандарын қоныстауға жарамдылығын анықтау мақсатында гидрогеолог Козырев А. экспедиция басқарды. Экспедиция барысында жер бетінде жатқан темір кені табылды. Бірақ тек 1931 жылы Омбы геологиялық-барлау партиясы И. Г. Николаев басшылығымен Бестөбе шоқыдан батысқа қарай орналасқан шоқыда барлау бұрғылау жұмыстарын өткізді, ол кейінірек Каражал деп атала бастады. Қаражал – тура мағынада аударғанда "қара шоқы", дәлірек айтқанда, "қара жал" деген мағынаны білдіреді. Осылайша, картада жаңа аса бай темір-марганец кен орны пайда болды
1942 жылы Қаражалда Атасу геологиялық барлау экспедициясы құрылды. 1954 жылы "Атасу-Қаражал" темір жолының құрылысы басталды.1956 жылы Қарағандыға Атасу кені тиелген алғашқы эшелон жөнелтілді. Қала экономикасының негізін кен өндіру өнеркәсібі құрайды. Қаладағы ірі өнеркәсіп орындарына «Өркен-Атасу», «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, "Баритті кендерді қайта өңдеу бойынша өндірістік кешен " , «Сарыарка IRON» темір-марганец өндіру кені. Қаланың әлеуметтік инфрақұрылмына 2 балабақша, 7 мектеп, 1 колледж, қалалық аурухана мен емхана, 5 кітапхана, кеншілер мәдениет сарайы, «Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі дзюдо балалар-жасөспірімдер мектебі», кәсіпкерлер палатасының Қаражал қаласы филиалы, қала маңында жоғары сапалы радонды бұлақтар мен шипалы балшық қоры бар.

