27 қараша күні сағат 15:00-де Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен оқырмандар аудиториясында ағартушы, қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының өкілі Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт мақтанышы – Міржақып» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға №7 жалпы білім беретін мектептің 9–10 сынып оқушылары қатысып, қайраткердің өмір жолы, шығармашылық қызметі мен тарихи мұрасына қатысты тұшымды пікірлерімен бөлісті. Шара барысында оқушылар әзірлеген мазмұнды презентациялар көпшілік назарына ұсынылып, Міржақып Дулатұлының қазақ руханиятына қосқан үлесі мен ұлттық сананы қалыптастырудағы ықпалы жан-жақты талданды.
Кездесу кезінде қатысушыларға ситуациялық сұрақтар мен тапсырмалар беріліп, оқушылардың тарихи танымы, сыни ойлау қабілеті және өзіндік көзқарас білдіру дағдылары айқын көрінді. Сонымен қатар ұйымдастырылған интерактивті ойындар мен ашық талқылау барысында оқушылар өз ой-пікірлерін еркін жеткізіп, ұлт қайраткерінің еңбектері мен идеяларының бүгінгі күнмен сабақтастығын орынды байланыстыра білді.
Жиын соңында кітапхана қызметкерлері қатысушыларға Міржақып Дулатұлына қатысты әдебиеттер тізімі мен дереккөздер ұсынды. Дөңгелек үстел жас буынның шығармашылық белсенділігін арттырып қана қоймай, тарихи тұлғалардың өмірінен тағылым алу, ұлттық құндылықтарды құрметтеу мақсатында өткізілген маңызды рухани-танымдық шара ретінде жоғары деңгейде бағаланды.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі
А.Мұхамеджанова
